Алтынның құны – 250 мың доллар
Ендi бiр аптадан кейiн, дәлiрек айтсақ, ақпанның 12-сi күнi Канаданың Ванкувер қаласында Қысқы олимпиада ойындарының тұсауы кесiледi. Жиырма бiрiншi рет өткiзiлгелi отырған Ақ олимпиада ойындарына елiмiзден отыз жетi спортшы аттанғалы отыр. Төрткүл дүние көз тiгетiн дүбiрлi доданың ашылу салтанатында қазақ елiнiң көк байрағын биатлоншы Диас Кенешов көтерiп шығады. Ванкувердегi бүкiләлемдiк дода ақпанның жиырма сегiзi күнi мәреге жетедi.Жалпы қазақ елiнiң спортшылары тәуелсiз ел ретiнде жазғы олимпиада ойындарына 1996 жылы қатысса, қысқы ойындарға 1994 жылы “араласты”. 1992 жылы Альбервилль (Франция) қаласында өткен қысқы олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылар “ТМД елдерiнiң бiрiккен командасы” деген атпен өнер көрсеткенi белгiлi. 1991 жылы Кеңес одағы тарағаннан кейiн 1992 жылдың басында КСРО-ның құрамында болған Ресей, Украина, Белоруссия және Қазақстанның спорт басшылары Халықаралық Олимпиада комитетiне хат жазып, бiрiккен команданың құрамында өнер көрсететiндерiн айтты. Осының нәтижесiнде Олимпиада ойындарына 110 ресейлiк спортшы, 8 – қазақстандық, 7 – украиналық және 4 – белоруссиялық спортшы қатысты. Ал Литва, Латвия және Эстония сынды Балтық жағалауы елдерiнiң спортшылары Олимпиада ойындарына жеке ел ретiнде барды.
Өкiнiшке қарай, сол жылы елiмiзден барған спортшылардың барлығы да Олимпиада ойындарында айтарлықтай нәтижеге қол жеткiзе алмады. Мәселен, 1989 жылғы әлем чемпионы Владимир Смирнов 10 шақырымға шаңғымен жарысуда мәре сызығын он үшiншi болып кессе, 15 шақырымды сегiзiншi болып аяқтады. 30 және 50 шақырымда да отандасымыз жүлделi орынға iлiне алмады. Владимир Смирновтан басқа Альбервилль олимпиадасына конькишi Вадим Шақшабаев, Вадим Саютин, Евгений Санаров Людмила Прокашева сынды ұл-қыздарымыз қатысқан едi. Вадим Шақшабаевтың Олимпиада ойындарындағы ең жоғарғы көрсеткiшi он төртiншi орын болса, Вадим Саютиннiң жеткен жетiстiгi он бiрiншi орын болды. Людмила Прокашева 5000 метр қашықтықта бесiншi орын алса, Евгений Санаров дәл осындай қашықтықта сегiзiншi келдi. Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша, ТМД елдерiнен жасақталған бiрiккен команда жалпыкомандалық есепте Германияны алға жiберiп, екiншi орынды қанағат тұтты.
1994 жылғы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Ақ Олимпиада ойындары Қазақ елi үшiн маңызы зор. Бiрiншiден, бұл Олимпиадаға Қазақстан спортшылары тәуелсiз ел ретiнде қатысса, екiншiден, қоржынымызға бiр емес, үш бiрдей медаль түсiп, жалпыкомандалық есепте он екiншi орын алдық. Скандинавия түбегiнде өткен Олимпиада ойындарында шаңғышы Владимир Смирновтың бағы жанды. Алдымен 30 шақырымға жарыс жолына шыққан В.Смирнов мәреге оныншы келдi. Артынша 10 шақырымға классикалық тәсiлмен жарысудан күмiс медальға қол жеткiзiп, тәуелсiз қазақ елiнiң қоржынына алғашқы жүлденi салды. Бұл аз десеңiз, 25 шақырым қашықтықта тағы да (10 шақырымы кл. тәсiл + 15 шақырымы еркiн тәсiл) күмiс медаль жеңiп алған Владимир Смирнов Олимпиада ойындарының соңғы күнi 50 шақырымдық аламан бәйгеге түсiп, қарсыластарынан қара үзiп шықты. Аламан бәйгеде “айды аспанға шығарған” В.Смирновтың ерлiгiн, өкiнiшке қарай, бұл олимпиадада ешкiм қайталай алмады. Владимир Смирновтан басқа Николай Иванов, Павел Рябинин, Сергей Маргацкий, Андрей Невзоров және Павел Королев сынды шаңғышылар өз қашықтықтарында “қою шаңның” арасында қалып қойды. Әйелдер арасындағы сайыста ең жоғарғы жетiстiкке 4х5 тәсiлi бойынша эстафеталық жарысқа түскен Оксана Котова, Елена Володина, Елена Чернецова және Наталья Штаймец төрттiгi болды. Бұл төрттiк олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша он үшiншi орын алды. Биатлоншы Дмитрий Пантов, конькишiлер Вадим Шақшабаев пен Радик Бикчентаев сынды үмiт күткен спортшыларымыз үздiк ондыққа да кiре алмады.
Лиллехаммерде өткен олимпиада ойындарынан кейiн араға төрт жыл салып, қысқы олимпиада ойындарының жалауы Жапонияда көтерiлдi. Наганода өткен Ақ Олимпиаданың өз ерекшелiктерi болды. Мәселен, Норвегияда өткен Олимпиадаға әлемнiң 67 елiнен спортшылар келсе, Жапонияға 72 елден спортшылар келдi. Тiптi, олимпиадаға қатысқан спортшылардың саны да бiрден екi мыңнан асып жығылды. Наганоның басқа олимпиадалардан тағы бiр айырмашылығы, бұл олимпиадада тұңғыш рет керлинг, әйелдер хоккейi және сноуборд сынды спорт түрлерiнен жүлделер сарапқа салынды. Қазақстан құрамасының делегациясы Наганоға 62 спортшы алып барды. Оның iшiнде хоккейден Қазақстанның ерлер құрамасы да (22 спортшы) бар. Олимпиаданың iрiктеу ойындарында Словакия, Италия, Австрия сынды елдердiң алдын орап, турнирдiң негiзгi кезеңiне жолдама алған сол кездегi Борис Александровтың шәкiрттерi Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша, Швеция, АҚШ елдерiнiң хоккейшiлерiмен бiрге бесiншi орынды бөлiстi. Наганода олжа салған қыз-жiгiттерiмiзге келсек, шаңғышы Владимир Смирнов 15 шақырымға жарысуда мәреге үшiншi болып келiп, Қазақстан қоржынына қола медаль салды. Тағы бiр медальдi конькишi қыз Людмила Прокашева жеңiп алды. Л.Прокашева 5000 метр қашықтықты 7:11.14 уақыт көрсеткiшiмен аяқтап, қола медальдiң иесi атанды. Өкiнiшке қарай, Жапония жерiнде өткен дүбiрлi додада қазақстандық спортшыларға бұдан басқа медаль бұйырмады. Сөйтiп, екi қола медальға ие болған Қазақстан құрамасының спортшылары жалпыкомандалық есепте жиырма бiрiншi орынға шықты.
Қазақстан құрамасының спортшылары Нагано олимпиадасынан кейiнгi қос бiрдей олимпиада ойындарында жүлделi орындарға ие бола алмады. Тiптi 2002 жылы Солт-Лейк-Сити мен 2006 жылы Туринде өткен қысқы ойындарда қазақстандық спортшыларға жүлде алу тұрмақ, алғашқы ондыққа кiрудiң өзi қиын болды.
Алауы ендi бiр аптадан кейiн тұтанатын қысқы олимпиада ойындары қазақстандық спортшылар үшiн қалай болмақ?! Елiмiздiң өрендерi әзiрге отыз жетi жолдаманы уыстарына салып, дүбiрлi додаға даяр отыр. Ең бастысы, отыз жетi жолдаманың тым болмағанда бiр-екеуiн жүлдеге айналдыра аламыз ба? Бұл жағы әзiрге белгiсiз. Жасыратыны жоқ, Қазақ елiнiң жанкүйерлерi жазғы олимпиада ойындары кезiнде ел спортшыларынан алтын немесе күмiс медаль күтушi едi. Ал қысқы спорт түрлерiне келсек, тым болмағанда қоланы күтетiн жағдайдамыз. Шыны керек, дәл қазiргi уақытта қола медаль бiз үшiн алтынмен пара-пар болып тұр.
ҚР Туризм және спорт министрлiгiнiң басшылары осы аптаның басында Ванкуверге баратын отыз жетi спортшының есiмiн ресми түрде жариялады. Ел намысын қорғайтын отыз жетi спортшы спорттың тоғыз түрiнен сынға түссе, солардың iшiндегi ең көп жолдама жеңiп алғандары шаңғышылар болды. Одан кейiнгi орынды биатлоншыларымыз басты. Тағы бiр жаңалық, Ванкуверде жолы болып жүлделi орынға қол созып жатқан қыз-жiгiттерiмiзге мемлекет тарапынан бөлiнетiн қаржылай сыйлықтың көлемi белгiлi болды. Мәселен, Олимпиада ойындарында алтын алған спортшыға Үкiмет тарапынан 250 мың доллар берiлсе, екiншi орын алған спортшыға 150 мың доллар сыйақы берiледi. Ал қола жүлде алғандарға 75 мың доллар көлемiнде сыйақы жасалады.
ВАНКУВЕРДЕ (КАНАДА) ӨТЕТIН XXI ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНА ҚАТЫСАТЫН ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫ:
ШАҢҒЫМЕН ЖАРЫСУ
Николай Чеботько (Ақмола оьблысы);
Сергей Черепанов (ШҚО);
Алексей Полторанин (ШҚО);
Евгений Кошевой (Ақмола облысы);
Евгений Величко (Ақмола облысы);
Светлана Малахова (ШҚО);
Елена Антонова (БҚО);
Оксана Яцкая (ШҚО);
Елена Коломина (ШҚО);
Татьяна Рощина (Ақмола облысы);
Марина Матросова (ШҚО).
БИАТЛОН
Александр Червяков (Ақмола облысы);
Диас Кенешов (Алматы облысы);
Ян Савицкий (ШҚО);
Николай Брайченко (Ақмола облысы);
Александр Трифонов (ШҚО);
Елена Хрусталева (Алматы қ);
Анна Лебедева (Ақмола облысы);
Марина Лебедева (Ақмола облысы);
Любовь Филимонова (Астана қ).
ТАУ ШАҢҒЫСЫ
Игорь Закурдаев (ШҚО);
Людмила Федотова (Алматы қ).
КОНЬКИМЕН ЖҮГIРУ
Дмитрий Бабенко (СҚО);
Денис Кузин (Қостанай облысы);
Роман Креч (СҚО);
Екатерина Айдова (Қарағанды облысы).
ШАҢҒЫМЕН СЕРПІЛМЕДЕН СЕКІРУ
Николай Карпенко (Алматы қ);
Алексей Королев (Алматы қ).
ФРИСТАЙЛ (МОГУЛ)
Дмитрий Рейхерд (ШҚО);
Дмитрий Бармашев (ШҚО);
Юлия Родионова (ШҚО);
Дарья Рыбалова (ШҚО);
Юлия Галышева (ШҚО).
ФРИСТАЙЛ АКРОБАТИКА
Жiбек Арапбаева (ОҚО).
ШОРТ-ТРЕК
Айдар Бекжанов (БҚО).
МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУ
Денис Тен (Алматы қ);
Абзал Рахымғалиев (Алматы қ).
Қазақстан спортшыларының iшiнен жарыс жолына ең алғашқы болып шаңғымен серпiлмеден секiруден Николай Карпенко мен Алексей Королев шығады. 12 ақпан күнi iрiктеу ойындарын өткiзетiн қос бiрдей отандасымыз финалдық кезеңге шығатын болса, 13 ақпанда жүлделi орындарды сарапқа салады. 13 ақпан күнi сондай-ақ, Игорь Закурдаев (тау шаңғысы), Дмитрий Бабенко (конькимен жүгiру) сынды спортшыларымыз да өз бақтарын сынайды.
Төлеубек Әдiлбекұлы.
http://www.zhasalash.kz/sport/1007.html
Comments
Қарағандылық жерлесім Екатерина Айдовадан көп үміт күтілуде. Қаңтар айында Италияның Коллальбо де Пине қаласында өткен жас спортшылар арасындағы әлем Кубогында Катя 500м және 1000м қашықтықтарда сәйкесінше 39,95с және 1.20,09с нәтижелерді көрсетіп қоржынына 2 алтын жүлде салып алды.
Жарайсың, Катя! Алға!
МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУдан спортшыларымыздың өнер көрсетулерін тамашалау өте қызық болар еді!
Белсенді болып, қазақстандықтардың спорттық жетістіктерін жариялап, талқылап отырайық, форум тұрғындары!